spot_img
14 C
Алматы
Басты бетӘлемдеДәрігерлер науқастың бауырынан эхинококк құртына толы кистаны алып тастады

Дәрігерлер науқастың бауырынан эхинококк құртына толы кистаны алып тастады

Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері жас жігіттің бауырына біткен паразитарлы кистаға ота жасап, пациенттің өмірін сақтап қалды. Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламаға сүйенсек, 27 жастағы жігіт Қалқаман ауруханасына Жетісу облысынан келген. Тексеру барысында дәрігерлер бауырдың сол жақ бөлігінде үлкен өскін пайда болғанына көз жеткізген. Салмағы 2 келіден асатын кистаның диаметрі 15 сантиметрді құрайды.
Анасының айтуынша, бауырға біткен өскінді жергілікті мамандар осы жылдың тамыз айында анықтапты.
«Біз ауылда тұрамыз. Дәрігерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы тегін ота жасатып, алып тастауға болатынын айтты. Бірақ кейбір клиникалар мұндай операцияны жасаудан бас тартты. Себебі бұл күрделі операция, оның үстіне балам мүгедек. Таныстардан Алматыдағы 7-аурухана жасайды дегенді естіп, осында келдік», – дейді науқастың анасы.
Аурухананың №1 Хирургия бөлімшесі меңгерушісі Нұрлан Мәуленов ауру ұсақ таспа құрттардан пайда болатынын айтады. Біртіндеп ішкі ағзалар зақымданып, эхинококк кистасы пайда болады. Ол кез-келген уақытта жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл адам өмірі үшін аса қауіпті диагноздар қатарына жатады.
«Бауырға эхинококэктомия деп аталатын ота жасалды. Операция барысында құрт жиналған өскін алып тасталып, пациенттің іш құрылысы зарарсыздандырылды. Ота шамамен 4,5 сағатқа созылды. Әдетте мұндай операцияларды жасағанда кистаны ашуға тура келетін. Бұл жолы бауырдың сол жақ бөлігіндегі өскінді ашпай, төңірегіндегі органдар мен тіндерден ажыратып алдық», – дейді дәрігер.
Хирургиялық ота сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы жақсы, ауруханадан шықты. Алдағы уақытта ол амбулаториялық бақылауда болмақ.

Соңғы мақалалар

Оқуға