Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназияда «Ғалыммен сабақ: университет ғылымы – мектеп оқушысына» ғылыми-әдістемелік білім беру жобасы өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология факультеті мен мектеп бірлесіп ұйымдастырған бастама жоғары және орта білім арасындағы байланысты нығайтып, оқушыларды ғылыми ізденіске баулуға арналды.


Жоба аясында университеттің бес ғалымы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша тақырыптық сабақтар өткізді.



Раева Гульзат Магауовна 5-сыныпта «Фонетика: тіл дыбыстары және үндестік заңдылықтары», Ильясова Нағима Әбзелбекқызы 8-сыныпта «Морфология мен синтаксис: сөз тұлғасы мен сөйлем құрылымының байланысы» тақырыптарын түсіндірді.


Иманғали Өркен 10-сынып оқушыларымен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына қатысты «Дәуір, кейіпкер және көркемдік таным» тақырыбында жұмыс жүргізді.



Сатемирова Дариха Амантаевна 8-сынып оқушыларына «Жыраулар поэзиясы: ұлттық рух, тарихи жад және көркем сөз» тақырыбында сабақ берді. Оспанов Еділбай Төлебайұлы 11-сыныпқа «Эссе жазып үйренейік: тезис, дәлел және қорытынды» тақырыбында практикалық сабақ өткізіп, жазба жұмыстың құрылымы мен негізгі талаптарын түсіндірді.


Филология факультетінің деканы Ботакоз Тлеубекова: «Университетте жинақталған ғылыми білім мектеп оқушысына түсінікті әрі қызықты түрде жетуі керек. Бұл жоба арқылы оқушының сұрақ қоюына, мәтінді талдауына және өз ойын дәлелдеуіне мүмкіндік беруді көздейміз».

Мектеп директоры Нурадинов Нұрғали Мұхитұлы: «Ғалымның мектепке келіп сабақ беруі балалардың пәнге көзқарасын кеңейтеді. Мұғалімдеріміз үшін де бұл — ғылыми орта өкілдерімен тәжірибе алмасып, сабақ мазмұнын байытуға мүмкіндік».

Іс-шараға филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Филология факультетінің деканы Тлеубекова Ботакоз Тургамбаевна; филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Раева Гульзат Магауовна; филология ғылымдарының докторы, аға оқытушы Ильясова Нағима Әбзелбекқызы; PhD, аға оқытушы Иманғали Өркен; филология ғылымдарының кандидаты, доцент, аға оқытушы Сатемирова Дариха Амантаевна; филология ғылымдарының кандидаты, Әлем тілдері факультетінің деканы Оспанов Еділбай Төлебайұлы; PhD, кафедра меңгерушісі Куттыбаев Шоканхан Дүйсенханович; филология ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі Қасен Ерлан Сламбекұлы қатысты. Қатысушылар қатарында жоба авторлары — PhD, Мансап орталығының басшысы Жетібай Рақымберді Қажығалиұлы және PhD, Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Найманбаев Алмас Әбдіманапұлы болды.


Сабақтардан кейін «Ғалымға сұрақ» форматында ашық пікір алмасу өтті.


Университет ғалымдары мен мектеп мұғалімдері заманауи оқыту әдістерін, функционалдық сауаттылықты арттыру жолдарын және тіл мен әдебиетті оқытудың тиімді тәсілдерін талқылады.

