Басты бетЖаңалықтар«Ұлт коды: Өнердегі өрнек»: Тұздыбастау мектебінде ауқымды шара өтті

«Ұлт коды: Өнердегі өрнек»: Тұздыбастау мектебінде ауқымды шара өтті

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ел аумағындағы білім ошақтарында салт-санамызды дәріптеген түрлі іс-шаралар легі жалғасып жатыр. Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылындағы Әл-Фараби атындағы №31 жалпы білім беретін орта мектепте «Ұлт коды: Өнердегі өрнек» атты ауқымды шара өтті.

Мектеп директоры Анаркүл Құламбекқызы Мандыбаеваның басшылығымен директордың Тәрбие Ісі Жөніндегі Орынбасарлары Сарсебаева Данара Мәлікқызы, Аманқұлова Мөлдіргүл Асылханқызының ұйымдастыруымен өткен шараның басты мақсаты – ұлттық мәдени мұраны дәріптей отырып, дәстүрлі өнерді жас ұрпаққа насихаттау және қазақ халқының рухани құндылықтарын заманауи форматта таныту.

Шара  мектеп ауласына жиналған  қонақтарды ұлттық дәстүрге сай қарсы алудан басталды. Ақ кимешек киген әжелер шашу шашып, ақжарма тілегін арнаса, ақсақалдар бата беріп жастарға өнеге көрсетті. Қазақы қонақжайлықтың үлгісі ретінде келген қонақтар ұлттық дәмнен ауыз тиіп, көне дәстүр жаңғырды.

Мерекелік алаңда оқушылардың қатысуымен асық ату, арқан тартыс, қазақша күрес, бөренеге шығу сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Арнайы ұсынылған этно-көрме келушілерге ерекше әсер сыйлады. Көрмеде ұлттық ою-өрнек композициялары, қолөнер шеберлерінің туындылары көрсетіліп, мектеп оқушылары мен ұстаздары ән мен күйден шашу шашты.

Шара барысында сөз алған мектеп директоры Анаргүл Мәндібаева Наурызнама онкүндігінің тәрбиелік маңызына тоқталып, айтулы бастама оқушылар үшін өмірлік құндылықтарды бойға сіңіретін тәрбие алаңы екенін баса айтты.

«Наурызнама онкүндігі – ұлттың жады мен жаңғыруының тоғысқан тұсы, дәстүр мен бүгіннің арасын жалғаған рухани көпір. Бұл кезең тек мерекелік думанмен шектелмей, әр күннің өзіндік мазмұны арқылы қоғамға, әсіресе жас ұрпаққа терең тағылым ұсынады. Оқушыларымыз үшін Наурызнама – тәрбие мектебі. Мұнда олар үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, табиғатпен үйлесімде өмір сүру, еңбек пен бірліктің қадірін түсіну секілді өмірлік маңызды қағидаларды бойына сіңіреді. Әр күннің мазмұны – бір-бір өнеге: қайырымдылық, ұлттық өнер, тазалық, татулық, жаңару. Бұл ұғымдар жасөспірім санасында елдік пен адамгершіліктің іргетасын қалайды. Сонымен қатар, Наурызнама – жастардың ұлттық болмысын тануына жол ашатын алаң. Заманауи жаһандану дәуірінде төл мәдениетке деген қызығушылықты арттырып, ұлттық кодты сақтаудың маңызын ұғындырады. Домбыра үні, ұлттық ойындар, дәстүрлі тағамдар мен әдет-ғұрыптар – бәрі де жас ұрпақтың жүрегіне елге деген сүйіспеншілік ұялатады. Біздің мектебімізде қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде білім беріледі. Іс-шараның бір мақсаты олардың бәріне ұлттық салт-дәстүрлеріміздің тағылымын таныту», дейді Әл-Фараби атындағы №31 орта мектептің директоры Анаргүл Мәндібаева.

Дәстүрлі өнерге арналған шеберлік сағаттары бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігіне айналды. Мұнда қонақтар домбыра жасау, қыш құмыра дайындау, киіз басу, ши тоқу сияқты ұлттық қолөнер бағыттарымен танысып, шеберлердің жұмысымен танысты. Қайырғали Атабайұлы жетекшілік ететін «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің жеткіншектері ерекше ойын тәсілін көрсетті.  «Бұл бөлім дәстүрлі өнердің қыр-сырын заманауи форматта көрсетуге бағытталған» дейді ұстаздар.

Іс-шарада Талғар аудандық әдістемелік орталығының әдіскері Анар Әбеуова ғасырға жуық тарихы бар мектептің мазмұнды шарасына жоғары баға беріп, жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Мектеп ішінде этно-көрме мен ұлттық безендіру көріністері ұсынылады. Көрмеде ұлттық ою-өрнек композициялары, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылып, қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің орындауында күй шырқалады. Бұл көрме қонақтарға қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері мен музыкалық мұрасының байлығын таныстырды. Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, «Екі жұлдыз» ән байқауымен жалғасын тапты.

Соңғы мақалалар

Оқуға

spot_img