spot_img
5 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарАлаяқтардан абай болыңыз: киберқауіптерден қалай сақтануға болады

Алаяқтардан абай болыңыз: киберқауіптерден қалай сақтануға болады

Қазақстанда интернет алаяқтарының саны артып келеді. ҚР ІІМ дерегінше, соңғы бір жылда киберқылмыскерлер қазақстандықтардан миллиардтаған теңгені жымқырған. Киберқауіптерден қалай қорғануға болады және алаяқтарға алданып қалмас үшін не білу керек? Алаяқтықтың негізгі тәсілдері мен олардан қорғанудың тиімді жолдары туралы МТАЖО Ақпараттық технологиялар инженері Олжас Ибраев әңгімелеп берді.

1. Фишинг: күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіз

Фишинг – кибералаяқтықтың ең көп таралған тәсілдерінің бірі. Алаяқтар банктер, маркетплейстер немесе мемлекеттік қызмет көрсететін органдардың ресми парақшаларына ұқсайтын жалған сайттарға апаратын сілтемелерді хат не хабарлама түрінде жолдайды.

Қорғану жолы қандай:

• Тексерілмеген дереккөздерден келген сілтемелер арқылы ешқашан өтпеңіз.

• Веб-сайт мекенжайын әрқашан тексеріңіз (мысалы, eGov сайтының нағыз мекенжайы – egov.kz).

• Антифишинг функциясы бар антивирус қолданыңыз.

KZCERT сайтының жаңалықтарын оқып жүруге кеңес береміз

2. Телефон алаяқтары: «банктен» хабарласушыларға сене бермеңіз

Алаяқтар банк не полиция қызметкерлері атынан қоңырау шалып, заңсыз операциялармен қорқытады және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етеді.

Қалай сақтануға болады:

• Банк картасының мәліметтері мен SMS арқылы келген кодтарды ешқашан айтпаңыз.

• Банктің ресми сайтындағы телефон нөміріне хабарласып, мән-жайды анықтаңыз.

• Операцияларды тексеру үшін банктің мобильді қосымшасын пайдаланыңыз.

Кеңес: eGov ресурсында «Стоп кредит» қызметін қосып алыңыз, ол алаяқтардың шотына ақша аударудың және сіздің хабарыңызсыз несие рәсімдеу мүмкіндігінің алдын алады.

ҚР ІІМ ресми ескертулері

3. Жалған инвестициялар: батпан құйрық жерде тегін жатпайды

Алаяқтар криптовалюта, стартаптарға инвестиция құю немесе «эксклюзивті акциялар» арқылы тез табыс табуды ұсынады. Әдетте, мұндай тәсілдер қаржылық пирамидалармен байланысты.

Қалай қорғануға болады:

• Тәуелсіз дереккөздердегі пікірлерді зерттеңіз.

• Таныс емес адамға ақша жібермеңіз.

4. Аккаунтты бұзу: Әлеуметтік желі мен мессенджерлерді қорғау

Алаяқтар көп жағдайда Instagram, WhatsApp және Telegram аккаунттарын бұзып, оның иесінің таныстарынан ақша сұрайды.

Сақтану жолы қандай:

• Екі факторлы аутентификацияны орнатыңыз.

• Қиын және бірегей құпиясөздерді қолданыңыз.

• SMS арқылы келген растау кодын ешқашан және ешкімге айтпаңыз.

Кеңес: өз аккаунттарыңызда резервтік байланыс тәсілін қосып қойыңыз, бұл аккаунтты тез кері қайтаруға мүмкіндік береді.

5. OLX және маркетплейстердегі алаяқтықтар

Кең таралған тәсілдер:

• «Сатып алушы» ақша аударылғаны жөнінде жалған квитанция жібереді.

• «Сатушы» алдын ала төлем сұрап, кейін ізін суытады.

Қорғану жолдары:

• Төлемді тек банктегі жеке кабинет арқылы тексеріңіз.

• Ақша алғанға дейін тауарды жөнелтпеңіз.

• Маркетплейстердің ресми жеткізу сервистерін қолданыңыз.

Біздің жаңалықтарымызды оқып, қауіпсіздігіңізді күшейтіңіз.

Кибералаяқтық – үлкен қауіп, алайда қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау арқылы олардың құрбаны болудың алдын алуға болады. Мұқият болыңыз, күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіз, интернеттегі таныс емес адамдарға сенбеңіз және киберқауіпсіздік бойынша біліміңізді ұдайы жетілдіріп отырыңыз.

Өз мәліметтеріңізге абай болып, алаяқтарға алданып қалмаңыздар!

Соңғы мақалалар

Оқуға