spot_img
4 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарАлматыда үздік білім ордаларының басын қосқан ауқымды форум өтті

Алматыда үздік білім ордаларының басын қосқан ауқымды форум өтті

Алматы қаласында “Жарқын болашаққа жол: қоғамды тазартатын 5 қадам” атты форум өтті. Форум барысында қоғамдағы негізгі өзекті мәселелер талқыланды.

Ауқымды форумды Шығыс аймақтық Білім-инновация қоры ұйымдастырды. Форум Алматы қаласындағы Ш.Беркімбаева атындағы Алматы қыздар мектеп-лицей интернатында өтті. Іс-шара барасында білім көрмесі ұйымдастырылып, спикерлер ата-аналар мен мектеп мұғалімдеріне лудомания, нашақорлық, вандализм, зорлық-зомбылық және ысырапшылдық тақырыптарында сөз қозғап, құнды ақпарат айтты. Бұл мәселелерді талқылау арқылы оқушылардың, балалардың болашағына қандай қауіп төніп тұрғанын түсіндіріп, оларды қорғау үшін не істеу керек деген сұрақтардың жауабы айтылды. 

“Жарқын болашаққа жол: қоғамды тазартатын 5 қадам” атты форумға 200 адам қатысты. Сонымен қатар форумда “Ақсай”, “Өскемен”, “Семей”, “Талдықорған”, “Есік” Білім Инновация Лицейлері, “Galaxy” мектебі, “Сүлеймен Демирел” лицейі, “Алқыз”, “Нұрорда” мектептерінің үздік мұғалімдері болды. .

Форумды Ш.Беркімбаева атындағы Алматы қыздар мектеп-лицей интернатының басшысы Тамер Гур ашып берді. Ол білім ордасының тарихы мен бүгінгі нәтижесі туралы сөз қозғады.

“Лицейіміз оқушылардың жоғары, сапалы білім алуын қамтамасыз етеді. Оқушыларды елге пайдалы азамат етіп қалыптастыру — лицейдің басты мақсаты. Бұл лицей Қазақстан бойынша “Ең үздік 100 мектеп” тізімінде алғашқылардың бірі болып тұр. Оқу орны Алматы қаласында қыз балаларға арналған жатақханасы бар, ағылшын тілінде оқытатын тек қана бір лицей деп білеміз. Соңғы 5 жылда 88 оқушымыз шетелдік жоғарғы оқу орындарына шақырту алып, сонда оқып жатыр. Жыл сайын оқушылардың 35-40 пайызы шетелдік түрлі университеттерге қабылданады. 65-70 пайызы қазақстандық университтерге оқуға түседі”- дейді мектеп басшысы.

Салтанатты форумға тек Алматы қаласы ғана емес, өзге де аймақтардан оқытушылар, ата-аналар келді. Мектеп басшысының сөзінен кейін форум спикерлерінің бірі, Астана қаласындағы “Ырыскелді” мешітінің бас имамы Нұрлан Асанов сөз сөйледі.

“Қазір бәрін ұстаз деп кеттік қой. Бірақ адамды тарыдай кезден қабылдап, таудай етіп шығаратын нағыз ұстаздар, ол –мектептегі мұғалімдер деп ойлаймын. Мен ұстаздардан кейін, осы жерге келіп отырған ата-аналарға алқыс айтқым келіп отыр. Қарыз алып той бергенше, қарызға батып бала оқытып жатқан сіздерге рақмет! Бізге білімді, сабырлы, тәрбиелі ұрпақ керек. Сол жолда баланың білім алуы үшін жағдай жасап жатқандарға рақмет! Маған ысырап тақырыбы берілген екен. Мемлекеттің ғимаратында шариғат айтудың қисыны келмейді. Абай атамыздан сөз бастайын. Абай 5 нәрседен қашық болуды ескертеді. Оның арасында ырысап та бар. Ысырап туралы айтсақ тереңге кетіп қаламыз. Мектеп оқушыларының мәселесі— көбі уақытты ысырап қылады”, – дейді Нұрлан Асанов.

Мектеп оқушыларының ата-анасы жиналған жиында балалар психологы Мөлдір Тоқжанова сөз сөйлеп, вандализмнің түп-тамыры қайдан пайда болатынын айтты.

“Ата-ана назарынан тыс қалған балалар өздерін көрсеткісі келіп тұрады. Әлемге өзінің бар екенін сезіндіргісі келеді. Өзін қоршаған ортаға “мен бармын, мен де адаммын” деп айтқысы келеді. Вандализмнің әртүрлі себебі бар. Бірақ негізгі себебінің бірі әлемге “мен бармын” деп өзін таныту. Байқап қарасаңыздар, шашын қызылға, көкке бояйтын, әртүрлі киім киетін балалар өзін дәлелдегісі, өзін көрсеткісі кеп жүреді. Құндылықтар бір күнде қалыптаспайды. Біз балаға тәрбие беру деп, баланы отырғызып қойып, құнды әңгіме айтуды ойлаймыз. Бірақ бала ата-ананы үлгі ретінде көріп, сабақ алады. Ата-ананың қарым-қатынасы мен әңгімесі арқылы баланың құндылығы қалыптасады”, – дейді балалар психологы.

“Жарқын болашаққа жол: қоғамды тазартатын 5 қадам” атты форумда зорлық-зомбылық тақырыбы да назардан тыс қалмады. Бұл туралы педагог-психолог, академиялық коуч Мадина Сулиева айтып берді. Оның мәліметінше, бала зорлық-зомбылықты көбіне өз жақындарынан көреді екен.

“Адамның дамуына кері әсерін тигізетін үштік бар. Олар: отбасыдағы зорлық-зомбылық, отбасыдағы нашақорлық пен ішімдікке тәуелділік, кейін ата-ананың психикалық денсаулығы. Бұл жағдайлар балаға қатты әсер етеді. Оның болашағына, қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ересек адамдардың 4/1-і бала күнінде зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Сонымен қатар зорлық-зомбылықтан қаза болған балалардың саны да нақты айтылмайды. Өлімнің себебін әртүрлі етіп жаза салады”, – дейді спикер.

Заманның дертіне айналған нашақорлық тақырыбы да шешімін шешу керек маңызды мәселенің бірі. Форум спикері Жанайхан Мұстафа нашақор адамды бірден жек көріп кетпей, бұл жағдайға қалай келгеніне назар аудару керектігін айтты.

“Нашақорлықты физикалық ауру деп қарайды. Сол үшін дәрігерге жүгінеді. Бірақ дәрігермен бірге психолог та жұмыс жасау керек. Жас балалардың ешқайсысы “мен есірткі қолданғым келеді” деп айтпайды. Олар өсе келе осындай шешім қабылдайды. Оған белгілі бір қоғам әсер етуі мүмкін. Операциядан кейін дәрігер көкнәрдің 4/1 бөлігін береді. Ол ауруды басады, адамның ұйқысы келеді. Көкнәрден жасалған өнімдерді жағымды деп санаған адам оны дәрігердің рұқсатынсыз пайдалана бастайды. Есірткіні ұзақ пайдаланған адамның бойында күнә сезімі пайда болады. Әр адамда ар-ождан бар. Ар-ождан деген — ішкі дауыс. Ол не дейді? Бірдеңе дұрыс еместігін айтады. Адам өзін іштей жейді. Содан құтылу үшін, уайымын азайту үшін тағы қолданады”, – дейді Жанайхан Мұстафа.

Құнды мәліметтер айтылған форум соңында спикерлер мен қонақтар арасында сұрақ-жауап жүргізілді. Ата-аналар мен мұғалімдер бала тәрбиесі, бала бойындағы жаман әдеттер туралы мәліметтер алды. Форум соңында Шығыс аймақтық Білім-инновация қорының координаты Жошкун Шабан сөз алып, қатысушылар мен қонақтарға алғысын білдірді.

Соңғы мақалалар

Оқуға