Алматыда қала ғимараттарына жазылған есірткі жарнамаларын жоюға бағытталған «Наркостоп» акциясы өтті. Шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы, прокуратура және Алматы қаласының Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен өтті.
Аталған іс-шараның мақсаты – жастарға есірткінің зияндылығын түсіндіре отырып, салауатты өмірді таңдауға шақыру.
«Наркостоп» акциясы — бұл тек жазуларды бояу емес, жастарға қауіпсіз болашақ сыйлауға бағытталған маңызды қадам. Осындай шаралар арқылы жастар арасында есірткінің зияндылығын түсіндіріп, салауатты өмір салтын насихаттап, олардың өз ортасына деген жауапкершілігін арттырғымыз келеді», – деді ұйымдастырушылар.
Акцияға 200-ге жуық волонтерлер және белсенді жастар қатысты. Олар Алматы қаласының Полиция департаментінің қызметкерлерімен есірткі жарнамаларының орындарын анықтап, олардың заңсыз жазбаларын өшірді. Рейд барысында 1 күннің ішінде ғимараттардың сыртқы қабырғасына жазылған 100-ден аса жарнама анықталып, жойылды.
«Осы акцияға қатысып қала жастары ортақ мақсат үшін біріктік. Біз заңсыз жарнамаларды өшіріп, олардың әр қарай таралмауына кішкене болса да өз үлесімізді қосып жатырмыз», – деді волонтер Бектұрғанов Күшқуат.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция бір реттік емес, жүйелі түрде өтіп тұрады.