spot_img
4 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарЕрмұрат Бапи: "Назарбаев мен үшін пенсионер"

Ермұрат Бапи: “Назарбаев мен үшін пенсионер”

Парламентте лоббистер бар. Тіптен жекелеген топтардың мүддесін қорғайтын шенеуніктер билікте аз емес. Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Qazaq Airan ютуб каналына берген сұхбатында осылай деді. Оның сөзінше, Мемлекет басшысына бұрмаланып жететін ақпараттар да аз емес.
«Лоббистік топтар парламентте ғана емес, атқарушы билікте, тіпті президенттің маңайында бар. Мәселен, лудоманияға байланысты талқыланып жатқан заңда, нашақорлық, вейп дейді, соған байланысты қазір бізде талқылауда өтіп жатқан заң жобаларына байланысты лоббилік топтардың әрекеті өте күшті. Мәселен, депутаттар ұсынған бірқатар маңызды деген нормаларға өле түрегеліп қарсы болып жатқан топтар бар. Әрине, президент біреу. Оған жан-жақтан түсіп жатқан ақпараттар көп, бұрмаланған ақпараттар көп. Тіпті президентке заңның концепциясын бұрмалап жеткізетіндеп бар. Оны өзім көріп те, сезіп те жүрмін. Парламенттің ішінде де сондай лоббилік топтар бар. Қоғам өзі тірі организм болған соң, мүдделі топтардың, мүдделі бизнестің мүддесі болған соң бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын», – деді Ермұрат Бапи.
Ширек ғасыр оппозицияда жүріп, Парламентке өткен депутат экс-президент туралы да пікір білдірді. Оның сөзінше, Назарбаев авторитарлы билік құрып, қазақ елінің ерік жігерін жаншыған.
«Назарбаев мен үшін пенсионер. Назарбаевтың кім екенін анықтау үшін бізде люстрациялық саясат жүру керек. Біздің елді 30 жыл басқарып, Назарбаевтың авторитарлы билігі Қазақстанда қазақ халқының ерік жігерін жаншыған, қаңқасын сындырған. Авторитарлы билік иесі болды. Қазір біз Назарбаевтың билік заманының жемісін жеп жатырмыз. Халықтың тоқырауға тап болғаны, рухани тұрғыда тоқырауға тап болуы, ауылдың қалаға дүркірей көшуі, жұмыссыздық, әділетсіз жекешелендіру, жеке басқа табыну, бір адамның жеке дара билігі сияқты жүйе біздің қоғамда ізін салып кетті. Назарбаевтың 30 жылғы билігін саралай келгенде айтатыным, міндетті түрде халықтық жауапқа тартылуы керек», – деді депутат.

Соңғы мақалалар

Оқуға