«Халық» қайырымдылық қоры еліміздің көптеген азаматтары үшін өзгерістер мен үміттің негізі болды. Құрылғалы бері білім беру, әлеуметтік қорғау, спорт, төтенше жағдай салаларындағы қайырымдылыққа 85 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Оның ішінде білім беруге көп назар аударады.
2020 жылы қор мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған Қазақстандағы алғашқы «Ozgeris powered by Halyk Fund» онлайн бизнес-инкубаторын іске қосқан болатын.
Осы жоба аясында 2023 жылдан бері «Тәлімгер» жобасын қолға алып, екінші жыл қатарынан мұғалімдер мен 14 пен 18 жас аралығындағы жастар үшін жазғы білім беру лагерін ұйымдастырады. Жазғы лагердің ерекшелігі мұнда балалар сыни және стратегиялық ойлау, көшбасшылық, қаржылық сауаттылық, эмоционалды интеллект сынды әлеуметтік жобалау бағдарламаларын үйренеді. Биыл лагерь 200-ден аса қатысушыны қабылдады. Олардың барлығы республикалық әрі ауыл оқушыларына арналған ұлттық олимпиадалардың жеңімпаздары, түрлі жобалардың белсенді қатысушылары.
Жазғы лагерь 16-25 маусым аралығында Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Зеренді ауылындағы сауықтыру кешенінде өтті.
Лагерьдің басты бағыты – білім беру, сондықтан күн сайын балаларға өз саласының үздік мамандары тренингтер, шеберлік сабақтары, мотивациялық дәрістер өткізді. Сондай-ақ Асаубек Айымбетов, Серікзат Дүйсенғазы сынды қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибесін бөліседі. Еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысумен концерт ұйымдастырылды.
Жобаның мақсаты – жастар арасында кәсіпкерлік әлеуетті дамыту, бизнес-ойлау дағдыларының, креативтіліктің, командада жұмыс істей білудің, тайм-менеджменттің және сендіру қабілетінің заманауи маңыздылығын түсіндіру. «Халық» қайырымдылық қоры жазғы лагерь барысында дарынды балалар мен жастар қоғамдастығын құрып, қатысушыларға әрі қарай дамуы үшін өмірлік дағдыларды үйретуді көздейді.
Қор қазіргі уақытта миллионнан астам балалар мен жастарды қамтып, еліміздің болашақ көшбасшылары мен мамандарын дамыту үшін жұмыс істейді. Еліміздің дамуына өз үлесін қосқысы келетін ой-өрісі жоғары жастарға қолдау көрсетеді.