spot_img
3 C
Алматы
Басты бетБас тақырыпБишімбаевқа үкім шығар күн жақын: сот жарыссөзі деген не?

Бишімбаевқа үкім шығар күн жақын: сот жарыссөзі деген не?

Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты кешегі сот отырысында сот тергеуі аяқталғаны белгілі болды. Ендігі кезек сот жарыссөзінде.

Massaget.kz тілшісі сот жарыссөзі не екеніне шолу жасады.

  • Тараптар жаңа дәлел ұсына алмайды

Сот тергеуi аяқталған соң судья сот жарыссөзi өтетінін хабарлайды. Сонымен қатар, сот жарыссөзiне қатысушыларға сот отырысында зерттелмеген материалдарға сiлтеме жасау құқығы жоқ екенін түсіндіреді. Егер тараптар қандай да бір жаңа дәлелдерді ұсынғысы келсе, сот тергеуiн қайта бастау туралы өтiнiшхат бере алады. 

  • Сот жарыссөзіне дайындыққа уақыт беріледі

Сот жарыссөзiне қатысушының өтінішхаты бойынша дайындалу үшiн уақыт берiледi, бұл үшiн судья ұзақтығын көрсете отырып, сот отырысына үзiлiс жариялайды. 

Бишімбаев ісінде де дәл солай. Сот жарыссөзі 29 сәуірде басталады.

  • Сот жарыссөзінде тараптар не айтады? 

Сот жарыссөзi айыптаушының, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, сотталушының және қорғаушының сөздерiнен тұрады. Процеске қатысушылардың сөз сөйлеу ретiн олардың ұсыныстары бойынша сот белгiлейдi, бiрақ барлық жағдайда да бiрiншi болып айыптаушы сөз сөйлейді. 

Демек Бишімбаев ісінде сот жарыссөзін прокурорлар Айжан Аймағанова және Саяхат Нұрбеков бастайды.

  • Уақыт шектелмейді

Мемлекеттiк айыптауды бiрнеше мемлекеттiк айыптаушы қолдаса, iске бiрнеше жәбiрленушi, қорғаушы, азаматтық жауапкер мен олардың өкiлдерi, азаматтық талапкерлер мен олардың өкiлдерi, сотталушылар қатысса, төрағалық етушi сөз сөйлеу кезегін өзара келiсуi үшiн оларға уақыт бередi. Қажет болғанда бұл үшiн сот отырысына үзiлiс жариялануы мүмкiн. Егер бұл адамдар жарыссөздегi өз сөздерiнiң кезегі туралы келiсiмге келе алмаса, сот олардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сөз сөйлеу кезегi туралы қаулы қабылдайды. 

Ал сот жарыссөзiнiң ұзақтығын сот белгiлi бiр уақытпен шектей алмайды. Алайда төрағалық етушi жарыссөзге қатысатын тұлғалардың сөзi iске қатысы жоқ мән-жайлар не сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге негiзделген болса, оларды тоқтатуға құқылы. 

Сот жарыссөзіне қатысатындардың барлығы сөз сөйлеп болған соң, олардың әрқайсы айтылған себептер бойынша тағы бiр реттен қысқаша қарсылықтарын немесе ескертулерiн (репликаларын) бiлдiріп сөйлеуге құқылы. Соңғы ескертуді айту құқығы барлық жағдайда да сотталушы мен оның қорғаушысына тиесiлi. 

Айта кетейік, Бишімбаевқа қатысты сот жарыссөзі 29 сәуірде басталып, 30 сәуірде, сондай-ақ, 2, 3 және 4 мамырда жалғасады.

Соңғы мақалалар

Оқуға