Степногор қаласына қарасты Бестөбе кентінде көпқабатты үйде тұратын Наталья Онищук есімді жалғызбасты әйел 10 жылдан бері әжетханада тұрады. Үйде жылудың мүлде жоқтығы зейнеткер әйелді ваннаның үстіне төсек салып, ауыр күндерді бастан кешуге мәжбүр етіпті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жалғызбасты қария көмегін берер тірі жан болмаған соң мұздай баспанада жылдар бойы бүрсеңдеп тұрып жатқанын жеткізді. Үйінің іші түгелдей ылғал басып сыз тартқан үйдің басқа бөлмелерінде тұру мүлде мүмкін емес. Сондықтан қария жылытқыш алып әжетхананың кішкентай ғана бөлмесінде тұратын болған. Бүгін де жетпістен асқан қария ащы мұңын жеткізді.
“Мен бұл үйде сонау үй салынған 1984 жылдан бері тұрамын. Бастапқыда үйге орталықтандырылған жылу берілген. Бірақ кейін жылудан біржола ағытылды. Біршама уақыт ата-анаммен бірге жер үйде тұрдым. Содан тағы қайтып оралдым. Қазір міне он жылдан бері тек әжетхана бөлмесінде тұрып жатырмын. Қалған бөлмелер жылытылмағандықтан аязды күндері мұздай болып суып кетеді. Қабырғалар сыз тартқандықтан торғайдай болып саңырауқұлақтар қаптап кетті. Ас үйге барып тамақ дайындасам қабырғалардан саулап су ағады. Көктем сайын күн жылығанда ылғи терезелерді ашып кептіріп алмақ боламын. Бірақ одан еш қайыр жоқ. Қысы-жазы осы кішкентай ғана әжетхана бөлмесінде ваннаның үстіне төсек салып жатамын. Ит тірлікпен өмір кешіп жүрмін”, – дейді Наталья Онищук.
Қариямен әңгіме барысында оның әкесі соғыс ардагерінің қызы екенін білдік. Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін тұрмыстың тауқіметін тарта бастаған қария өзінің ащы тағдырын ешкімге жария етпей тұра берген. Әрі сыз басып саңырауқұлақ қаптаған үйде тұратынын біреуге айтуды да ар санағанын жасырмады. Алайда, әбден шегіне жеткен әйел өзіндегі бар түйткілді осы Бестөбе кентінен сайланған депутат – Қанат Байсовқа жеткізгенін айтты.
Наталья Прокофьевнаның аянышты жағдайын мәслихат депутаты да растады. Оның айтуынша, Бестөбе кентінде бұдан да бөлек әлеуметтік мәселелер жетіп артылады.
“Мен Наталья Прокофьевнаның үйінде ақпан айында болдым. Үйде жарты сағат та тұра алмай, аяқ киімімді киіп шығып кетуге мәжбүр болдым. Шынын айтқан оның үйінен дала әлдеқайда жылы сияқты сезілді. Өңменіңнен өтетін мұздай суықпен қатар үйдің іші сыз басып ылғалдан демалу аса қиынға соғатынын көрдім. Бұл кісінің анасы бізге мектепте сабақ беретін. Ауыл әкіміне жағдайды айттым. Бірақ ешқандай нақты көмек бере алмады. Өте аянышты жағдай. Кентте жылу, жол, аурухана, жедел жәрдем сияқты өте өткір мәселелер көп. Жағдайы осындай аса ауыр халдегі адамдар бар. Дегенмен келесі қыста бұл кісінің баспанасына пеш салынатыны хақ. Бұл мәселе менің ұдайы назарымда болады”, – деді Степногор қалалық мәслихатының депутаты Қанат Байсов.
Елдімекеннің көп бөлігінде көп қабатты тұрғын үйлерге жылу тартылмағандықтан кент тұрғындарының басым бөлігі үйлеріне пеш салып алған. Қызығы сол шағымданған әйел тұратын дәл осы үйде Бестөбе кентінің әкімі де тұратын болып шықты.
“Көршілерімнің бәрі үйлеріне пеш қойдырып алған. Көмір жағып күнелтеді. Олардың бәрінде үйінде еркегі, қолында ақшасы бар. Ал менде оның бірі жоқ. Жақында әкімге де барып жағдайымды айтқанмын. Тым құрығанда Степногорда жатақханадан бір бөлме бере ме деп үміттенгенім рас. Бірақ жауап менің пәтерім бар екені туралы болды. Әкім менің жағдайыма мүсіркегендей қарағанымен үйге бу генераторын қойып алуға кеңес берді. Бірақ менің ондай ақшам жоқ. 100 мың теңге зейнетақым тек азық-түлік пен дәрі-дәрмегіме және коммуналдық қызметтерді төлеуге ғана жетеді. Сіздер хабарласып мәселе көтергеннен кейін әкім үйіме келіп, жағдайымды білген болды”, – дейді Наталья Онищук.
Қария кент әкімімен бір көп қабатты үйде тұрғанымен кент әкімі осы уақытқа дейін қария жайлы еш білмейтін болып шықты. Сондай-ақ, Бестөбе әкімі алдағы жылға дейін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен Наталья Онищукке пеш салу мәселесі шешілетінін атап өтті.
“Екі жыл бойы осы Бестөбе кентіне әкім болғалы ол тек бір-ақ рет келіп жүгінді. Тек сонда ғана осы жағдайды естідім. Мен өз тарапымнан дәнекерлеу және пеш орнату жұмыстарына жұмысшыларымды бөлуді ұсындым. Мемлекет тарапынан мұндай жағдайға қаражат қарастырылмаған. Сондықтан биыл жекеменшік кәсіпкерлерді тауып қарияға пеш салып беретін болдық. Демеуші болатын кәсіпкер таптық. Енді биыл жазда бұл мәселе шешімін табуы тиіс”, – деді Бестөбе кентінің әкімі Сырым Қабай.
Жалпы 7 мыңға жуық халық тұратын Бестөбе кенті сонау 1992 жылы орталықтандырылған жылудан толықтай ажыратылып тасталған. Содан бері аттай отыз жылдан астам уақыт бойы кент тұрғындары көп қабатты тұрғын үйлерге де пеш салып жылытуға мәжбүр болған. Тек былтыр ғана модульды жылу қазандығы қойылып, биылдан бастап қана 16 көп қабатты үйлер мен бір мектеп пен балабақшаға жылу беріліпті. Алғашқы қыста жылуды сезген соң орталықтандырылған жылуға қосылмаған үйлер жазда жылуға қосылуға ниеттенгендер бар. Қалған 30-ға тарта үйді жылытуға жергілікті әкімдік қосымша блок модуль қоюды көздепті.
“Енді қалған тағы 30 үйге тағы қосымша модульді пеш салу жоспарланып отыр. Бірақ әзірге әлі жоба мемлекеттік сараптамадан өткен жоқ. Жалпы барлық екі және үш қабатты үйлердің бәрін орталықтандырылған жылуға қосу жоспары бар. Шамамен қыркүйек-қазан айы кезінде жариялап бірақ тек келесі жылу маусымында ғана тұрғын үйлерге жылу берілуі мүмкін”, – деп толықтырды Сырым Қабай.
Әкім жобаға қанша қаражат бөлінетін қайда салынатыны жөнінде еш нәрсе айта алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ жаңа модулді пештің қашан салынатыны да белгісіз күйде қалды. Дегенмен ауыл әкімі алдағы жылыту маусымына Наталья Онищуктың пәтеріне пеш салу мәселесін демеушілердің көмегімен шешілетінін айтып уәде етті.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Ақмола облысы