spot_img
7 C
Алматы
Басты бетБас тақырыпМайқайыңдағы қайғылы жағдай: құтқарушының әйелі іздестіру жұмыстарын жалғастыруды сұрайды

Майқайыңдағы қайғылы жағдай: құтқарушының әйелі іздестіру жұмыстарын жалғастыруды сұрайды

Майқайыңда шұңқырға құлаған автобуспен бірге табылмай жатқан құтқарушы Айдос Шаймерденнің әйелі әлеуметтік желі арқылы тағы да үндеу жолдады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нұрсұлу Шаймерденнің айтуынша, іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген бір ай ішінде “Майқайыңалтын” кәсіпорнының білікті мамандары тартылмаған. Олар жер жағдайын жақсы білер еді, дейді. Тек, жеке меншік құтқару қызметтеріне жүгінген. Ол осы уақытқа дейін тек автобусты іздегендеріне қайран қалып отыр.

“Бәлкім алғашқы күні денесі табылған екі құтқарушы секілді мына екеуінің де денесі шұңқырдың бір бұрышында топырақ астында жатқан шығар. Біз солай екеніне сенімдіміз. Темір-терсек автобусты іздеп қайтеді. Одан да адамдарды іздесін. Әлбетте, іздестіру кезінде басқа құтқарушыларға төнген қауіптің бар екенін түсінеміз. Алайда, осылай орта жолдан қалдыру адамгершілікке жатпайды ғой. Жұмыстарды тоқтатуға болмайды. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жалғастыру қажет деп есептеймін”, – деп күйінеді құтқаршының әйелі.

Айдос Шаймерденнің жары өзінің және туыс-туғандарының атынан жедел штабқа бірнеше талап қойып отыр.

“Біріншіден, екі адамды іздестіру жұмыстарын тоқтатпасын. Екіншіден, автобус құлаған тұстан жоғалғандардың денесі жатуы мүмкін жерлерді тексерсін. Үшінші, кинологиялық қызметті қайтадан тартсын. Төртіншіден, еліміздің басқа аймақтарынан немесе Ресей елінен тәжірибелі мамандарды алдыртсын”, – дейді.

Нұрсұлу Шаймерден, жолдасы мен автобус жүргізушісі жоғалғалы жергілікті биліктен ешкім келіп қал жағдайларын сұрамағанына қынжылады.

“Бүгінгі таңда бір айдан артық уақыт өтсе де күйеуімнің жұмыс жерінен ешкім келмеді. Не облыс әкімі, тіпті жергілікті биліктен бір адам келіп, біздің, балалардың жағдайын біліп жай күйін сұрамады. Дәл қазіргі жағдайда біз жан жұбатарлық жылы сөздерге зәруміз”, – дейді Нұрсұлу.

Естеріңізге сала кетсек, шұңқыр түбінен ойық табылған соң іздестіруді жүргізіп жатқан құтқарушылардың өміріне қауіп төнеді деген желеумен Майқайыңдағы құтқару жұмыстары тоқтатылған. Әйтсе де, комиссияның түбегейлі қорытындысы әлі жарияланған жоқ.

Соңғы мақалалар

Оқуға