Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2024 жылға арналған зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегін жариялады, – деп хабарлайды Massaget.kzтілшісі.
Қазақстанда жеткіліктіліктің жаңа шегі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. 2024 жылға арналған шек өзгерген жоқ (2023 жылғы деңгейінде қалды) және жас мөлшеріне байланысты 3-тен шамамен 10 миллион теңгеге дейін жетеді.
“Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен болжамды есептеулерді ескере отырып, 2024 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегінің мөлшері қазіргі деңгейде сақталады”, – делінген БЖЗҚ хабарламасында.
20 жастағы қазақстандықтар үшін бұл көрсеткіш 3 миллион 260 мың теңге, 30 жастағы адамдар үшін 4 миллион 580 мың теңге, 40 жастағы адамдар үшін 6 миллион 100 мың теңге болады.
Айта кетейік, ТЖШ – ай сайынғы зейнетақының мөлшерін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес деңгейде қамтамасыз етуге қажет зейнетақы жинақтарының (міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған) ең төменгі мөлшері. Бұл әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ, болашақ зейнетақы жарналарының болжамды есептеріне (ең төменгі жалақы мөлшерінен) және инвестициялық табысқа сүйене отырып анықталатын зейнетақы жинақтарының бағалау сомасы. Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі – салымшының зейнет жасына жеткенде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін (ең төменгі базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) алуы үшін шотта қалуға тиіс ең төменгі көрсеткіш.
БЖЗҚ мәліметінше, 2024 жылға арналған ТЖШ есептеу кезінде мына әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер пайдаланылған:
1) ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге;
2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге;
3) зейнетақының ең төменгі мөлшері – 57 853 теңге;
4) базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы – 43 407 теңге.