spot_img
-6.1 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарАлматылық нейрохирургтер инсульт соққан пациентті сал болып қалудан сақтап қалды

Алматылық нейрохирургтер инсульт соққан пациентті сал болып қалудан сақтап қалды

Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері күрделі ота жасап, 69 жастағы науқасқа қайта өмір сыйлады. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды.
ОҚКА баспасөз қызметінің мәліметінше, пациент ауруханаға шұғыл түрде жеткізілген. Жедел жәрдеммен келген кезде неврологиялық ауытқулар байқалып, сол жақ аяғы мен қолы жансызданып, қимылдамай қалған болатын, деп хабарлайды нейрохирург Ермек Сүлейменов.
Кезекшіліктегі невропатолог, нейрохирург, анестизиолог дәрігерлер бригадасы шұғыл ота жасау туралы шешім қабылданды. Дер кезінде қабылданған шешімнің арқасында науқас өз бетімен жүріп-тұруға мүмкіндік алды.
«Ишемиялық инсульт болғандықтан қауіп күшейді. Операция жасалды, селективті церебралды ангиография мен мидың ортаңғы күретамырындағы ұйыған тромбты алып тастадық», – дейді Ермек Сүлейменов.
Нейрохирургтердің біліктілігі арқасында ұйыған қан алып тасталып, мидың ортаңғы күретамырындағы қан айналымы қалпына келтірілді. Бас сүйек пен мидағы жүйке талшықтары да толық қалыпқа келді.
Бір аптадан кейін пациенттің жансызданған аяғы мен қолы қозғала бастады. Қозғалыс күші арнайы баған бойынша төрт балға жетті, бұл өз кезегінде науқасты ауыр мүгедектіктен сақтайтын көрсеткіш, дейді маман.
МӘМС арқылы жасалған ота 1 сағат 10 минутта аяқталды. Бұл аурухана мамандарының біліктілігін ғана емес, сын сағатта қабылданған шешімдердің де тиімділігін көрсетсе керек.

Соңғы мақалалар

Оқуға