spot_img
3 C
Алматы
Басты бетЖаңалықтарАта-анасы төрт жыл күткен: Атырауда 20 миллионыншы қазақстандық дүниеге келді

Ата-анасы төрт жыл күткен: Атырауда 20 миллионыншы қазақстандық дүниеге келді

Еліміздің тағы бір 20 миллионыншы тұрғыны Атырау қаласында өмірге келді. Жұмағазиевтер отбасының тұңғыш сәбиінің есімі – Мухаммад. Мухаммадтың ата-анасын Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қалалық перинаталдық орталығына барып, арнайы құттықтады, – деп хабарлайды Massaget.kzтілшісі.

Өмірге келе сала, танымал атанған кішкентай Мухаммад Қосай 14 қарашада жарық дүниенің есігін ашты. Сәбидің бойы – 54 сантиметр, салмағы – 3 660 грамм. Әкесі Берік Жұмағазиев, анасы Айдана Оразымбетова сәбидің өмірге келуі ел үшін тарихи оқиға болғанына әлі сене алмай жүр.

“Таңертең әлеуметтік желіде еліміздің 20 миллионыншы азаматы өмірге келді деген жаңалықты оқыдым. Іштей менің де ұлым осылардың қатарында ғой деп ойладым. Кейін дәл сол сәтте жұбайым хабарласып, қуанышты жаңалықты бөлісті. Біздің төрт жылдан бері аңсап күткен сәбиіміз өзінің несібесін елінің берекесімен бірге әкелді. Болашақта Отанын сүйген, еліне, ұлтына, дініне адал қызмет етер перзенттен болса екен деген тілегім бар”, – деді Берік Жұмағазиев.

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақстанның 20 миллионыншы азаматына Атыраудағы “Отбасы банк” АҚ облыстық филиалы 2 миллион теңгелік сертификат табыс етті.

Жыл басынан бері Атырау облысында 14 мыңға жуық сәби дүниеге келген.

Айта кетейік, халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны өмірге келгені хабарланды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев X-парақшасында жазды.

“Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді”, – деп жазды Президент. 

Соңғы мақалалар

Оқуға